Ғылым • 05 Қараша, 2025

Фарабитанушылармен кездесу - рухани сабақтастық пен ғылымның тоғысқан тұсы

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде адамзат өркениетінің ұлы тұлғасы, әлем философиясы мен ғылымның тарихындағы теңдессіз ғалым, Шығыстың екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толуына арналған «Фарабитанушылармен кездесу» атты тағылымды іс-шара өтті.

Фарабитанушылармен кездесу - рухани сабақтастық пен ғылымның тоғысқан тұсы

Атаулы іс-шара аясында ұйымдастырылған бұл жиын – ұлт руханияты мен әлемдік өркениет арасындағы алтын көпірге айналған әл-Фарабидің мұрасын насихаттауға, жастардың ғылыми ізденісін жандандыруға бағытталды. Әл-Фараби – адамзат мәдениетінің темірқазығы, әлемдік өркениет кеңістігінде ақыл мен парасаттың, ізгілік пен білімнің нұр шамшырағын жаққан ұлы ойшыл. Оның философиялық терең ойлары, логикалық талдауы, этикалық қағидаттары мен ғылымға деген көзқарасы ғасырлар өтсе де өз мәнін жоймай, бүгінгі ХХІ ғасырдың цифрлық дәуірінде жаңа қырынан танылып отыр. Іс-шараға университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, докторанттар, магистранттар, сондай-ақ «Фарабитану» бағытын зерттеп жүрген жас ғалымдар қатысты.

Кездесуді «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығы мен университеттің ғылыми-инновациялық жөніндегі департаменті бірлесе ұйымдастырды. Шара барысында «Фарабитанудың» қазіргі бағыттары, ғұламаның философиялық және педагогикалық идеяларының заманауи мәні, сондай-ақ, оның ғылым мен адамзат мәдениетіне қосқан үлесі кеңінен талқыланды.

«Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Пірімбек Мұханбетұлы Сүлейменов өз сөзінде: «Фараби мұрасы – тек өткеннің жәдігері емес, ол – бүгінгі және болашақ ұрпақтың рухани және ғылыми бағдаршамы. Университетіміздің миссиясы – осы мұраны заманауи ғылыммен ұштастыра отырып, білім мен мәдениеттің жаңа көкжиегін ашу», - деп атап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар ұлы ойшылдың еңбектерін зерттеу тәжірибелерімен бөлісіп, «Фарабитану» ғылымының болашақтағы даму басымдықтарын айқындады. Сонымен қатар, студенттер мен жас ғалымдарға арналған «Фараби әлемі» атты шығармашылық және ғылыми бастамалар байқауының басталғаны да хабарланды.

Бұл тағылымды басқосу – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өзінің тарихи миссиясына, яғни ұлы ғалымның идеяларын насихаттау мен жүзеге асыру ісіне адалдығының айғағы. Университет қабырғасында осындай мазмұнды кездесулердің өтуі – жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін, ғылыми ізденіске деген ынтасын арттырумен қатар, «Фарабитану» ілімін әлемдік деңгейге шығаруға серпін берері сөзсіз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Философия және саясаттану факультетінің

Педагогика және білім беру менеджменті

кафедрасының 2 курс докторанты Амирканов М.Б.